
Алматыдағы Көк-Жайлау шатқалында туристік топтан қалып қойған Иран студенті табылды. Ол тау баурайында ұйықтап жатқан күйі табылған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 30 мамыр 2026 жылы түнгі уақытта Бостандық ауданындағы Көк-Жайлау шатқалынан түсіп келе жатқан туристік топтың бір мүшесі байланысқа шықпай қалған. Оның ұялы телефоны желі қамту аймағынан тыс жерде болған.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына ТЖМ «Барыс» жедел-құтқару жасағының тобы дереу шықты. Құтқарушылар таулы жерді түнгі уақытта, көрінуі шектеулі жағдайда тексеріп, іздестірді. Нәтижесінде Көк-Жайлау шатқалының төменгі жағынан Иран азаматы – студент табылды. Ол тау баурайында ұйықтап жатқан күйі табылды, — деп хабарлады ТЖМ.
Студентке медициналық көмек қажет болмаған, құтқарушылар оны таудан қауіпсіз түсіріп, алып шықты.
Дереккөз: Nur.kz