...
... Алматы
USD—
EUR—
RUB—
Алматы жаңалықтары

Алматыда 11 жастағы баланы бір айдан астам қорлады деп анасы арызданды

Алматыда 11 жастағы ұлын ауладағы жасөспірімдер бір айдан астам уақыт бойы қорлады деп анасы арызданды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Әйел Threads әлеуметтік желісінде өз үйінің ауласында баласына қатысты болған жайт туралы жазды. Оның айтуынша, 13–14 жастағы жасөспірімдер бір айдан астам уақыт бойы балаларды ұрып-соғып, оларды бір-бірімен төбелесуге мәжбүрлеген.

Анасы ұлының ішіне және бүйрегіне соққы алғанын, балағат сөздер естігенін айтты. Оның сөзінше, жасөспірімдер Сайранда ұстаған шикі балықты аулаға әкеліп, баланың аузына және құлағына тыққан. Бұның бәрін өзге балалар да көрген.

«13–14 жастағы жасөспірімдер бір айдан астам уақыт бойы балаларды қорлады. Менің ұлымды ішіне және бүйрегіне ұрды, балағаттады, ал Сайранда ұстаған шикі балықты аулаға әкеліп, аузына және құлағына тықты. Мұның бәрін басқа балалар көрді. Олар балаларды бір-бірімен төбелесуге мәжбүрледі, бүкіл аула қорқынышпен өмір сүрді», — деп жазды ол.

Оқиғадан кейін әйел полицияға барып, арыз жазды. Оған ұқсас өтініштерді басқа да ата-аналар берген.

«Мен кек алғым келмейді. Мен балам мен басқа балалар үшін әділдік пен қауіпсіздікті қалаймын. Барлығы жабылып, ұмытылып қалуына жол бермеймін», — деді әйел.

NUR.KZ тілшісі Алматы полиция департаментіне сұрау жіберген. Ведомствода жағдайға түсініктеме берді. Баспасөз қызметінің мәліметінше, тексеруді Алмалы ауданы полиция басқармасының жанындағы полиция бөлімі жүргізіп жатыр.

«Болған жайттың мән-жайы жан-жақты және объективті түрде зерттеледі, оның ішінде оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталады. Құқыққа қайшы әрекеттердің фактілері расталған жағдайда кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарды белгіленген тәртіппен профилактикалық есепке қою мәселесі де қаралады», — деп хабарлады полицияда.