...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Ақтау мен Алматыда пластикалық операциядан кейін екі адам қайтыс болды: клиникаларда тексеру басталды

Қазақстанда пластикалық операциялардан кейін қайғылы оқиғалар жиіледі. Соңғы бір ай ішінде Ақтау мен Алматыда косметикалық араласудан кейін екі адам көз жұмды. Трагедияның себебі мен жауапкершілік мәселесі Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында талқыланды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Ақтаудағы оқиға бойынша, 49 жастағы Ербол Айтуов иек аймағына липосакция жасату үшін жеке медициналық орталыққа жүгінген. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, наркоз енгізілгеннен кейін науқастың жағдайы күрт нашарлаған. Нәтижесінде ер адам инсульт алып, комаға түскен. Бір ай бойы есін жимай, мамыр айының басында қайтыс болған. Марқұмның туыстары дәрігерлерді абайсыздықта айыптайды.

Ұқсас жағдай екі апта бұрын Алматыда болған. Жеке клиникалардың бірінде пластикалық операция кезінде блогер Сәуле Базархан қайтыс болды. Туыстарының айтуынша, клиника қызметкерлері науқастың жағдайы туралы уақтылы хабарламаған.

— Менің білуімше, барлық қажетті талдаулар алдын ала тапсырылған. Нәтижелері қалыпты деп танылғаннан кейін ғана әпкемді операцияға шақырды. Араласу алдында дәрігер оны алаңдауға негіз жоқ, талдаулар жақсы, операция бір-екі сағатқа созылады деп сендірді. Қайғылы жағдайды біз клиникадан емес, туыстардан кешкі сағат жетілер шамасында білдік. Марқұмның екі ұлы қалды. Бізге белгілі болғандай, бұл оның бірінші пластикалық операциясы еді, — деді Сәуле Базарханның ағасы Болатхан Ермахан.

Қазіргі уақытта әйелдің өліміне байланысты тергеу басталды. Туыстары жан-жақты және объективті тергеу, өлімнің нақты себебін анықтау және кінәлілерді жауапқа тартуды талап етеді.

Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде клиника қайғылы жағдайға қарамастан операцияларды жалғастырып жатқаны туралы ақпарат пайда болды. Заңгер Бауыржан Айымбетовтің түсіндіруінше, медициналық мекеменің қызметін тоқтата тұру тек сот шешімі немесе Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің қорытындысы негізінде ғана мүмкін.

— Комитеттің шешімі бойынша медициналық ұйымның қызметі уақытша тоқтатылуы мүмкін. Егер уәкілетті орган тиісті шешім қабылдамаса, клиника жұмысын жалғастырады. Заң қызметті тоқтата тұруды тек сот немесе уәкілетті органның шешімі бойынша ғана көздейді, — деп атап өтті заңгер.

Сонымен қатар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жоспардан тыс бақылау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Махаббат Тайыпова Алматы мен Ақтауда тексерулер жүргізіліп жатқанын хабарлады.

— Қазіргі уақытта екі медициналық мекемеде жоспардан тыс тексерулер жүргізілуде. Соңғы екі күнде мамандар лицензиялық құжаттарды, медициналық жабдықтың белгіленген талаптарға сәйкестігін және жасалған операциялардың сапасын зерттеуде. Тексеруге тәуелсіз сарапшылар, оның ішінде хирургтар, терапевтер және пластикалық хирургия мамандары тартылды, — деді ол.

Сондай-ақ әлеуметтік желілерде алматылық клиника лицензиясыз жұмыс істеген деген ақпарат тарады. Алайда тексеру барысында бұл мәліметтер расталмады.

— Медициналық ұйымдарды лицензиялау eGov және e-License платформалары арқылы жүзеге асырылады. Алматыдағы қайғылы оқиға болған клиниканың қолданыстағы лицензиясы бар. Тексеру департаменттің полиция және прокуратура органдарымен келісуі бойынша жүргізілуде. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, сондықтан түпкілікті қорытындылар барлық тексеру іс-шаралары аяқталғаннан кейін жасалады, — деп атап өтті Махаббат Тайыпова.

Бүгінде елімізде пластикалық хирургия саласында қызмет көрсетуге лицензиясы бар 295 медициналық ұйым жұмыс істейді. Махаббат Тайыпованың айтуынша, екі өлім жағдайынан кейін басқа клиникаларда да тексеру жүргізу мәселесі қарастырылуда.

— Қазір еліміз бойынша барлық 295 клиниканы кешенді тексеру мүмкіндігі қарастырылуда. Жұмыс уәкілетті органдармен бірлесіп жүргізіледі, — деді ол.

Дереккөз: Inform.kz