Алматыда қала Бас жоспарын түзетудің стратегиялық экологиялық бағасы бойынша қоғамдық тыңдаулар өтті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Іс-шара барысында Жетісу ауданының тұрғыны қала ішінде орналасқан, ауаны ластайтын және тұрғындарға қолайсыздық тудыратын кәсіпорындардың болашағына қызығушылық танытты.
Сарапшы, PhD докторы, белгілі қазақстандық ғалым-биотехнолог Гүлнұр Жүнісова жаңа Бас жоспарда 13 ірі кәсіпорынды қала сыртына шығару жоспарланғанын атап өтті. Сонымен қатар, 400-ден астам шағын өндірістік нысан көшірілуге тиіс.
— Осының нәтижесінде шамамен 500 гектар жер босатылады, — деді ол.
Сондай-ақ қоғамдық тыңдаулар кезінде тұрғындар халық санының өсуіне және қарқынды тұрғын үй құрылысына байланысты Алматыны ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды.
Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Нұрбақыт Серікбай 2040 жылға дейінгі ұзақ мерзімді жоспар аясында осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.
— Бүгінгі таңда сумен жабдықтау мәселесі Наурызбай ауданында және Бостандық ауданының кейбір бөліктерінде өзекті. Судың тапшылығын болдырмау үшін су алудың жаңа нысандарын, сүзгі станцияларын салу, қолданыстағы су көздерінің қуаттылығын кеңейту және инженерлік желілерді жаңғырту бойынша бірқатар жоба іске асырылуда, — деп түйіндеді басқарма басшысы.
2025 жылғы желтоқсанда Алматыда мегаполистің 2040 жылға дейінгі дамуын айқындайтын құжат — қаланы дамытудың Бас жоспарын түзету жобасы бойынша қоғамдық талқылаулар өткенін еске саламыз. Кейінірек «Алматыгенжоспар» Бас жоспарды түзету бойынша қоғамдық талқылаулардың қалай өткенін айтып берді. Кездесулер қорытындысы бойынша 60-тан астам бірегей ұсыныс пен ескерту тіркеліп, олар 10 тақырыптық блокқа жүйеленген.
Дереккөз: Inform.kz