Алматыда атмосфералық ауаның ластануын азайту жұмыстары жалғасуда. Қалалық мәслихаттың 29 маусымда өткен кезектен тыс сессиясында қоғамдық көліктің экологиялық талаптарды сақтауы талқыланды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Аршат Бахтыгеревтің айтуынша, автобус парктерін тексеру барысында мамандар экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін 481 газ автобусын анықтаған. Оның 85-інде катализаторлар – атмосфераға зиянды шығарындылар көлемін азайтуға көмектесетін жабдық болмаған.
Қазір профильді қызметтермен бірлесіп катализаторларды орнату және барлық жылжымалы құрамды қолданыстағы экологиялық нормаларға сәйкес келтіру жұмыстары жүргізілуде, – деді Аршат Бахтыгерев.
Талқылау барысында Алматы қалалық мәслихатының төрағасы Мейржан Отыншиев экологиялық бақылау тек қоғамдық көлікке ғана емес, сонымен қатар коммуналдық техникаға, құрылыс машиналарына және мемлекеттік тапсырыстар бойынша жұмыс істейтін мердігер ұйымдардың көлігіне де таралуы керек екенін атап өтті.
Өз кезегінде Экология және қоршаған орта басқармасының өкілдері коммуналдық техниканы жаңарту бойынша ұсыныстар әзірленіп жатқанын хабарлады. Көлікті экологиялық таза отын түрлеріне ауыстыру, сондай-ақ қозғалтқыштарды заманауи талаптарға сәйкес келетіндеріне ауыстыру нұсқалары қарастырылуда.
Сонымен қатар, депутаттар Алматының қоршаған ортасын қорғау жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын қарады. Құжат атмосфералық ауа сапасын жақсарту, қалдықтармен жұмыс істеу жүйесін дамыту, су объектілерінің мониторингі, қаланы көгалдандыру, өзен арналарын қайта құру және жасыл желектерді қорғау бойынша шаралар кешенін қамтиды.
Талқылау қорытындысы бойынша мәслихат депутаттары бірауыздан жоспарды қабылдауды қолдады, бұл қаладағы одан әрі экологиялық жұмыстың негізі болады.
Дереккөз: Almaty.tv