
Алматыда биылғы жазғы демалыста 293 мың оқушыны ұйымдасқан түрде демалдыру жоспарланған. Бұл жалпы 297 172 оқушының 98,7%-ын құрайды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық білім басқармасының міндетін атқарушы Сәкен Аралбаевтың айтуынша, биыл «Эко-каникулы: Таза Қазақстан начинается с нас» бағдарламасы аясында жұмыс жүргізіледі. Бір балаға арналған жолдаманың орташа құны өткен жылмен салыстырғанда 3 мың теңгеге өсіп, 20 мың теңгені құрады. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін баға 30 мың теңге деңгейінде сақталған.
Әлеуметтік осал топтардан шыққан 2537 баланы, оның ішінде жетім балалар мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды жазғы демалыспен қамту жоспарланған. Аудандар бойынша бөлініс: Алатау ауданында — 450, Алмалыда — 118, Әуезовте — 363, Бостандықта — 184, Жетісуда — 226, Медеуде — 233, Наурызбайда — 502, Түрксібте — 200 бала, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар 300 бала.
— Аталған қаражат есебінен қала сыртындағы лагерьлерде демалыс ұйымдастырылады. Басқарма әлеуметтік осал топтар мен жетім балаларға арналған 2537 орынға тоғыз ашық конкурс жариялады, — деді Сәкен Аралбаев.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін техникалық спецификация әзірленіп, ведомствоаралық іс-шаралар жоспары бекітілген. Қалалық ведомствоаралық штаб пен мониторингтік топ құрылды. Сондай-ақ 207 мектеп жанындағы лагерь ашылып, шамамен 130 мың оқушыны қамту жоспарланған. Оның 30 мыңы (1–4 сынып оқушылары мен әлеуметтік осал топтардағы балалар) тегін тамақпен қамтылса, 100 мыңнан астам бала тамақсыз демалады.
Каникул кезінде әлеуметтік осал топтар мен пәндік олимпиада жеңімпаздары республикалық сауықтыру лагерьлеріне («Балдаурен» Щучинск, Түркістан және Қонаев қалаларында) жіберіледі. Барлығы республикалық бюджет есебінен 200 бала барады.
Алматыдағы 20 білім беру ұйымында мектеп жанындағы лагерьлер ашылмайды. Қосымша 80 мыңнан астам бала үйірмелер мен секциялармен, оның ішінде IT-лагерьлер мен робототехника сабақтарымен қамтылады.
Жыл сайын елдегі балалар сауықтыру лагерьлерін тексеру кезінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуы анықталады. 2025 жылы Бурабай ауданының прокурорлары мемлекеттік квота есебінен демалған балалардың толып кеткен және нормаларға сәйкес келмейтін бөлмелерде орналастырылғанын, ал коммерциялық негізде жеке бөлмелер мен душтар берілгенін анықтады. Бірнеше жыл бұрын Алматыда да осындай жағдай болып, ата-аналар қала сыртындағы лагерьлердің біріндегі жағдайға таңғалған еді.
Дереккөз: Inform.kz