
Алматыда түнгі веложарыс өткізуге байланысты көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Спортты, салауатты өмір салтын және белсенді демалысты насихаттауға бағытталған алғашқы түнгі веложарыс «Almaty Glow Ride» 2026 жылы 23 мамырда өтеді.
Осыған байланысты 23 мамырда сағат 20:00-ден 23:30-ға дейін Төле би көшесінде көлік қозғалысы толығымен жабылады.
Сонымен қатар, сағат 21:45-тен 23:00-ге дейін Назарбаев даңғылы мен Желтоқсан көшесінде веложарыс қатысушыларының колоннасы өткен сайын екі бағытта да уақытша шектеулер енгізіледі.
Веложарыстың старты сағат 22:00-ге Астана алаңынан жоспарланған. Маршрут қаланың орталық көшелерімен өтеді: Төле би көшесі — Назарбаев даңғылы — Тимирязев көшесі (Алматы қаласы әкімдігі ғимаратының маңы) — Желтоқсан көшесі — Төле би көшесі.
Жарысқа 3000-ға дейін адам қатысады деп күтілуде. Қатысушылар үшін неонды жарықтандыру элементтері, ойын-сауық бағдарламасы, конкурстар және интерактивті іс-шаралар дайындалған.
Барлық көшелерде қозғалысты толық ашу сағат 23:30-ға жоспарланған.
Қала тұрғындары мен қонақтары жол жүру бағыттарын алдын ала жоспарлап, уақытша шектеулерді түсіністікпен қабылдауларын сұрайды.
Бұған дейін Алматыдағы Рәбиға Сыздық көшесінде қозғалыс 2,5 айға шектелген болатын.
Дереккөз: Inform.kz