
Медеу ауданы полиция қызметкерлері профилактикалық іс-шаралар барысында түнгі уақытта заңды өкілдерінің ертіп жүруінсіз кәмелетке толмағандардың ойын-сауық мекемелерінде болу фактілерін, сондай-ақ жасөспірімдердің алкогольдік ішімдіктер ішу жағдайларын анықтады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бұзушылықтар түнгі клубтар мен барларда анықталды. Әрбір факті бойынша полицейлер қолданыстағы заңнама аясында шаралар қабылдады. Мекеме иелері мен өкілдері тыйым салынған уақытта кәмелетке толмағандарды ойын-сауық мекемелеріне жібергені, сондай-ақ жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты өзге де бұзушылықтар үшін жауапкершілікке тартылды.
Материалдарды қарау нәтижесінде мекемелердің қызметі алты ай мерзімге тоқтатылды. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу және бақылау жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны, сондай-ақ жасөспірімдердің түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болу фактілері үшін жауапкершілікке тартылды.
Бөлек атап өту керек, мейрамхана кешендерінің біріне қатысты сот шешімі шықты. Алматы қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты заңды тұлғаны құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша шаралар қабылдамағаны үшін кінәлі деп таныды. Сот шешімімен мекеменің қызметі де алты айға тоқтатылды.
— Балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігі біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Ойын-сауық мекемелерінің иелері мен әкімшілігі заң талаптарын сақтауға және кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта болуына жол бермеуге міндетті. Әрбір осындай факт қатаң құқықтық баға алады. Қабылданған шаралар демалыс және ойын-сауық саласында жұмыс істейтін барлық бизнес субъектілері үшін ескерту болуы керек, — деді Алматы қаласы Медеу ауданы полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шынасилов.
Полиция кәмелетке толмағандардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау бөлігінде заңнама талаптарын сақтау ата-аналардың да, бизнес өкілдерінің де ортақ міндеті екенін еске салады. Профилактикалық іс-шаралар жалғасады.
Дереккөз: Almaty.tv