
Алматының Медеу ауданындағы Байқоңыр көшесінде көшкін жүріп, тұрғын үйлерге зақым келмеді. Оқиға 14 мамырда түске таман болған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Төтенше жағдайлар департаментіне 14 мамыр күні түске таман Медеу ауданы, Байқоңыр көшесі, №104 үйдің маңынан көшкін жүргені туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына ТЖД қызметкерлері, «Қазселденқорғау» ММ мамандары және аудан әкімдігінің өкілдері дереу жіберілген.
Instagram-дағы spasemgory парақшасында жарияланған видеода көшкіннің салдарынан шамамен 3000 текше метр топырақ жақын маңдағы өзенге құлағаны көрсетілген. Видео астындағы жазбада: «Таулы ауданда тағы бір көшкін жүрді. Бір бітелген канализациялық люк және міне, 3000 текше метр жер жақын маңдағы өзенге құлады. Жақын жерде адамдар тұрады, бақытымызға орай, ешкім зардап шеккен жоқ», — делінген.
Алматы ТЖД мәліметінше, комиссиялық тексеру нәтижесінде көшкіннің себебі — канализациялық құдықтың ағуы салдарынан топырақтың ылғалдануы екені анықталған. Қазіргі уақытта ағу жойылған. Тұрғындардың өміріне ешқандай қауіп жоқ, зардап шеккендер жоқ, тұрғын үйлер зақымданбаған, жолдың жүру бөлігі жабылмаған.
Дереккөз: Nur.kz