Медеу ауданындағы Молодежный шыңында түнгі іздестіру операциясы өтті. Байланысқа шықпай қалған үш турист табылып, қауіпсіз түрде таудан түсірілді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
ҚР ТЖМ мәліметінше, түнде Алматы қаласы Медеу ауданында ТЖД Құтқару қызметінің қызметкерлері теңіз деңгейінен 4 147 метр биіктікте орналасқан Молодежный шыңында іздестіру-құтқару операциясын жүргізді. Шығуға негіз болған — шыңға өрмелеу кезінде байланысқа шықпай қалған үш турист туралы хабарлама. Сигналды алған соң құтқарушылар тобы жедел түрде таулы аймаққа бет алды. Ауданды зерттеу барысында туристер Молодежный шыңының төбесіне жақын жерден табылды. Құтқарушылар топтың қауіпсіз түсуін ұйымдастырып, туристерді қауіпсіз жерге алып шықты. ТЖД дерегінше, шыңға шығушыларға медициналық көмек қажет болмады.
Дереккөз: Inalmaty.kz