...
... Алматы
USD—
EUR—
RUB—
Алматы жаңалықтары

«Спорт саласындағы білімге жаңа бағыт енгізу»: Нұрасыл Медеу KNUS-тың миссиясы туралы айтты

Қазақстандық кәсіпкер әрі білім саласының өкілі Нұрасыл Медеу KNUS университетін құру идеясының қалай пайда болғанын және бұл жобаға АҚШ-та алған тәжірибесінің қалай әсер еткенін айтып берді.

Ол Qazsport телеарнасына берген сұхбатында Бостон университетінде оқып жүрген кезінде тек компьютерлік ғылымдарды меңгеріп қана қоймай, оқу орнының үстел теннисі құрамасында өнер көрсеткенін еске алды.

Медеудің айтуынша, түрлі жарыстарға қатысу барысында ол АҚШ-тағы студент-спортшыларды даярлау жүйесін, университет спортының құрылымын және спортшының айналасындағы тұтас экожүйені ішінен көрген.

«Мен Бостон университетінің үстел теннисі құрамасында болдым. Түрлі жарыстарға қатысып, ұлттық универсиадаға дейін жеттік. Штаттарды аралап, жарыстарда ойнадық. Сол кезде спортшының айналасындағы бүкіл құрылымның, экожүйенің қалай жұмыс істейтінін көрдім», – деді ол.

Оның айтуынша, осы тәжірибе Қазақстан жастарының да халықаралық деңгейде жоғары нәтижеге жете алатынына деген сенімін күшейткен.

Нұрасыл Медеу шетелде көрген мүмкіндіктерді Қазақстанға әкелуді мақсат еткенін атап өтті.

«Біздің жастарымыздың таланты кем емес, тіпті кей жағдайда одан да жоғары. Бірақ бәрін шетелге жібере алмаймыз.

Сондықтан сол жақта көрген мүмкіндіктерді, жинаған тәжірибемді осында әкелгім келді. Бұл идея кейін университеттің стратегиясына, мәдениетіне және студенттік өмірге әсер етті», – деді ол.

 

Спорт саласындағы білімге жаңа бағыт енгізу

Медеудің айтуынша, жоба басталған кезде Қазақстандағы жоғары білім жүйесінде спорт индустриясының нақты мамандықтарына бағытталған бағдарлама аз болған.

Ол бұған дейін негізгі басымдық дене шынықтыру мұғалімдерін даярлауға берілгенін, ал кәсіби спорт индустриясына қажетті мамандардың ауқымы әлдеқайда кең екенін атап өтті.

Сондықтан университетте кәсіби жаттықтырушылар, нутрициологтар, психологтар және спорт медицинасы мамандарын даярлауға бағытталған бағдарламаларды дамытуға басымдық берілген.

«Біз Қазақстанда спорт бағыты білім беру классификаторында болмағанын көрдік. Академия кезінде осы бағытты енгізу бастамасын көтердік. Кәсіби жаттықтырушыларды, нутрициологтарды, психологтарды, спорт медицинасы мамандарын даярлай бастадық», – деді Нұрасыл Медеу.

Оның сөзінше, бастапқыда оқу орнының өзі де педагогика бағытына сүйенген. Кейін халықаралық тәжірибеге негізделген жаңа білім беру модельдері енгізілген.

 

АҚШ-тағы тәжірибе университет мәдениетіне әсер етті

 

Нұрасыл Медеу шетелде көрген жүйені сол күйінде көшіру емес, оны Қазақстан жағдайына бейімдеу маңызды болғанын айтты.

Оның пікірінше, университет тек маман дайындайтын орын емес, студенттің спорттық, академиялық және тұлғалық дамуына бірдей мүмкіндік беретін орта болуы керек.

Сондықтан KNUS-та білім беру бағдарламаларымен қатар спорттық инфрақұрылым, студенттік өмір және кәсіби даму жүйесін қатар дамытуға мән берілген.

Медеудің айтуынша, университет құру процесі дайын модельді сатып алудан басталмаған. Команда білім беру бағытын, мәдениетті және спорттық экожүйені кезең-кезеңімен қалыптастырған.

Ол бұл жобаның негізгі мақсаты – Қазақстан жастарына спорт пен білімді қатар алып жүруге және кәсіби индустрияда бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуға мүмкіндік беру екенін атап өтті.