Алматыдағы Солтүстік айналма жолда Toyota Camry мен Chevrolet Cobalt соқтығысып, салдарынан жеті адам зардап шекті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алдын ала мәліметтерге қарағанда, Toyota Camry мен жүк көлігі Солтүстік айналма жолымен оңтүстік бағытта келе жатқан. Сол сәтте Camry жүргізушісі белгісіз себеппен қарсы жолаққа шығып кетіп, Chevrolet Cobalt-пен соқтығысқан.
Соққыдан кейін Cobalt бетон бөгетке соғылып, қайтадан жолға шыққан. Ал Toyota Camry сол бағытта келе жатқан Volvo жүк көлігімен соқтығысып, оның тіркемесінің астында қалған.
Camry-нің қарсы жолаққа шығу себептері әзірге анықталып жатыр.
Апат салдарынан жеті адам зардап шекті, олардың барлығы екі жеңіл көлікте болған. Зардап шеккендер ауруханаға жатқызылды.
Жол-көлік оқиғасына байланысты Солтүстік айналма жолдың орталық жолақтары екі бағытта да жабылып, аймақта кептеліс пайда болды.
Оқиға орнында жедел қызметтер жұмыс істеп, апатты рәсімдеу жүргізілуде. Көліктердің тұтану қаупіне байланысты өрт сөндірушілер де келіп, кезекшілік жалғастыруда.
Бұған дейін Екібастұзда аулада жеңіл көлік алты жасар баланы қағып кетіп, қаза тапқаны хабарланған болатын.
