...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматыдағы Сац театрының қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын

Алматыдағы балалар мен жасөспірімдер театрының (Наталия Сац атындағы) қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Құрылыс басқармасының басшысы Нұрбол Нұрсағатов аймақтық коммуникациялар қызметіндегі брифингте келісімшарт бойынша жұмыстар қыркүйекте аяқталуы тиіс екенін, алайда нысанды мерзімінен бұрын тапсыру жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

— Құрылыс басқармасы тапсырыс беруші болып табылады. Келісімшарт мерзімі бойынша бізде қыркүйек, бірақ біз алдын ала аяқтап, мемлекеттік комиссияның актісіне қол қойып жатырмыз. Яғни, нысан аяқталу сатысында, — деді спикер.

Бұған дейін Наталия Сац атындағы театрдың қайта жаңғырту жұмыстарын 2026 жылдың шілдесінде аяқтау жоспарланғаны хабарланған болатын.

Жобаның бастапқы құны 21,7 млрд теңге деп бағаланған еді. Кейін қайта жаңғыртуға 24 млрд теңге қарастырылғаны белгілі болды. Бұрынғы әкім Ерболат Досаев қосымша қаражатты қандай жұмыстарға жұмсау жоспарланғанын түсіндірген болатын.

Қайта жаңғырту барысында ғимараттың тарихи келбетін сақтауға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, театр фойесіндегі мәрмәр панноны қайта жасау көзделген, бұл идеяның авторы Дінмұхамед Қонаев болған.

Жұмыстар нысанның тарихи және сәулеттік құндылығын ескере отырып жүргізілуде. Негізгі назар ғимараттың түпнұсқа элементтерін, оның ішінде мозайкалық барельефті, баспалдақтарды, тұтқалар мен сатыларды қалпына келтіруге бағытталған. Чехословакиялық люстралар демонтаждалып, қалпына келтіруге жіберілді.

Қайта жаңғырту аяқталғаннан кейін театр тек сыртқы жағынан ғана емес, техникалық тұрғыдан да өзгереді. Ғимараттың жалпы ауданы жертөле үй-жайлары мен техникалық қабатты кеңейту есебінен 9 800 шаршы метрден 14 680 шаршы метрге дейін ұлғаяды.

Сонымен қатар, көрермендер залының сыйымдылығы 781 орыннан 744 орынға дейін қысқарады. Бұл ыңғайлы креслоларды орнатуға және қатарлар арасындағы қашықтықты ұлғайтуға байланысты.

Дереккөз: Inform.kz