...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматыдағы Республика алаңы жаңа кейіпке енді: 4,5 гектар абаттандырылды

Алматыдағы Республика алаңында абаттандыру жұмыстары аяқталды. Жобаның тұжырымдамасын британдық компания әзірлеген, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Жобаны британдықтар әзірлеп, Алматы қаласының қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы «фасадтан фасадқа» қағидаты бойынша іске асырды. Абаттандырылған аумақтың жалпы көлемі 4,5 гектарды құрады. Республика алаңында қоғамдық кеңістіктердің жабындары толық жаңартылып, инженерлік желілер, сыртқы жарықтандыру және автоматты суару жүйесі жаңғыртылды. Абаттандыру кезінде есептік қызмет мерзімі 10 жылдан асатын заманауи материалдар пайдаланылды.

Аумаққа 233 ірі көлемді ағаш, 63 мыңнан астам бұта және 17,7 мың көпжылдық өсімдік отырғызылып, көгалдар мен беде жамылғысы бар учаскелер жабдықталды. Кешкі уақытта жасыл желектер сәулеттік жарықтандырумен жарықтандырылады. Сонымен қатар 129 жаңа шам орнатылды.

Тұрғындардың демалуы үшін балалар ойын алаңдары, серуендеу маршруттары, демалыс аймақтары және екі амфитеатр жабдықталды. Сондай-ақ Сәтпаев көшесі бойындағы бірыңғай велосипед маршрутының бөлігі болатын веложолдар пайда болды. Алаңға орындықтар, қоқыс жәшіктері, велотұрақтар, үстелдер, креслолар және басқа да шағын сәулеттік нысандарды қамтитын 500-ден астам қалалық жиһаз элементтері орнатылды. Жаңартылған қоғамдық кеңістіктің ерекшеліктерінің бірі – сегіз сәндік су айдыны. Сонымен қатар қолданыстағы субұрқақтар қалпына келтіріліп, жаңа субұрқақ кешендері салынды.

Жоба аясында Сәтпаев көшесінде автобустарға арналған жаңа аялдама пайдалануға беріліп, қосымша бағдаршамдар орнатылып, реттелетін жаяу жүргіншілер өткелдері ұйымдастырылды.

Барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін Сәтпаев көшесі бойында қаланың негізгі қоғамдық аймақтарын біріктіретін бірыңғай заманауи қоғамдық кеңістік қалыптасады.

Бұған дейін Райымбек батыр мұражай-мемориалдық кешенін қайта жаңартуды 2026 жылдың шілдесінде аяқтау жоспарланғаны хабарланған болатын.

Дереккөз: Inform.kz