Алматыдағы «Парк инновационных технологий» арнайы экономикалық аймағы «Almaty Innovation & Financial Zone» деп қайта аталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Құжатқа сәйкес, АЭА «Almaty Innovation & Financial Zone» жұмыс істеу мерзімі 2049 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылып, нысаналы индикаторларға қол жеткізу шарты қойылған. Аумағы 256,05 гектарды құрайтын аймақ Қазақстан Республикасы аумағының ажырамас бөлігі болып табылады. Мұнда арнайы құқықтық режим орнатылады. Қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.
АЭА мақсаттары: заманауи жоғары өнімді, бәсекеге қабілетті өндірістерді жедел дамыту, қызмет көрсетудің сапалы жаңа деңгейін қалыптастыру, инвестиция тарту, экономика мен өңір салаларына жаңа технологиялар енгізу, сондай-ақ халықтың жұмыспен қамтылуын арттыру; өңдеу өнеркәсібі салаларын және жоғары қосылған құны бар өнім өндіруді дамыту; көлік пен логистиканы дамыту үшін қолайлы географиялық жағдайды пайдалану.
Нысаналы индикаторлар:
Жалпы инвестиция көлемі – 2120 млрд теңге. Шетелдік инвестиция – 636 млрд теңге. Отандық инвестиция – 1484 млрд теңге. Тауарлар мен қызметтер (жұмыстар) өндірісінің көлемі – 1370 млрд теңге. Қатысушылар саны – 280 компания. Қосалқы қызмет түрін жүзеге асыратын тұлғалар саны – 17 000 адам. АЭА аумағында құрылатын жұмыс орындарының саны – 43 000 адам. АЭА аумағындағы жалпы өндіріс көлеміндегі қазақстандық қамту үлесі – 70%.
Дереккөз: Zakon.kz