Алматыда экологтар қаланың әртүрлі нысандарында ауа, су, топырақ және өнеркәсіптік шығарындыларға зертханалық зерттеу жүргізді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы қаласы бойынша экология департаментінің басшысы Дінмұхамед Лесбековтің айтуынша, зертханалық бақылау қоршаған ортаның жай-күйін объективті бағалауға және экологиялық талаптардың бұзылуына уақытылы ден қоюға мүмкіндік береді.
Зертханалық бақылау қоршаған ортаның жай-күйін объективті бағалауға және экологиялық талаптардың бұзылуына уақытылы ден қоюға мүмкіндік береді, — деп атап өтті Дінмұхамед Лесбеков.
Мамандар Есентай, Үлкен және Кіші Алматы, Ақсай, Бақарасу өзендері мен Сайран көлінің жай-күйін тексерді. Зерттеу нәтижелері бойынша мұнай өнімдерінің құрамының асып кетуі тек Есентай өзенінде анықталды, ал қалған бақылау нүктелерінде нормативтердің асып кетуі тіркелмеген. Топырақ сынамаларын талдау да ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асып кеткенін көрсеткен жоқ.
Сонымен қатар Алматыда атмосфералық ауа мен су қоймаларының жоғары және төтенше жоғары ластану жағдайлары тіркелмеген.
Сондай-ақ бірінші жартыжылдықта экологтар 446 дизельді көлікті аспаптық бақылаудан өткізіп, 71 көлік құралында шығарынды нормативтерінің асып кетуі анықталды. Бұзушыларға әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылып, айыппұлдардың жалпы сомасы 32,6 млн теңгеден асты.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың соңында Алматыда атмосфералық ауаны қорғау қағидалары қабылданды.
Дереккөз: Inform.kz