Алматы хайуанаттар бағында тағы бір толықтыру болды — Пржевальский жылқысының биесі Құрбанкүл құлын туып, оған Желмая деген ат қойылды. Бұл бие үшін екінші төл, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Пржевальский жылқысы әлемдегі ең сирек кездесетін жабайы жылқы түрлерінің бірі саналады. Ол Қазақстанның Қызыл кітабына және Халықаралық табиғатты қорғау одағының (МСОП) Қызыл тізіміне енгізілген. Хайуанаттар бағында төл алу осы түрдің генетикалық әртүрлілігін сақтауда және тұрақты популяциясын қолдауда маңызды рөл атқарады.
Алматы хайуанаттар бағының зооветеринария бөлімі директорының орынбасары Ағыбай Әжібаевтың айтуынша, әр құлынның тууы мамандардың көпжылдық еңбегінің нәтижесі. «Жануарларға барынша жайлы жағдай жасалады, жұптар халықаралық асыл тұқымдық бағдарламаның ұсыныстарын ескере отырып таңдалады, тұрақты ветеринариялық бақылау қамтамасыз етіледі. Әр құлынның пайда болуы бұл жұмыстың әлемдегі жалғыз сақталған жабайы жылқы түрін сақтауға көмектесетінін растайды», — деп атап өтті ол.
Қазір Құрбанкүл, құлын Желмая және айғыр Мерей келушілер үшін жабық арнайы тыныш аймақта орналасқан. Хайуанаттар бағының мәліметінше, анасы мен төлінің жағдайы жақсы және олар мамандардың тұрақты бақылауында. Алматы хайуанаттар бағы сирек кездесетін жануарларды сақтау бойынша халықаралық бағдарламаларға қатысады. Пржевальский жылқысынан бөлек, мұнда ақбөкендер, ақ аюлар, ақ иықты бүркіттер және басқа да жойылып бара жатқан түрлерді өсіру жұмыстары жүргізілуде.
Дереккөз: Inalmaty.kz