Алматыда бой көтеретін заманауи стадионның бейнесі алғаш рет бейнеформатта көрсетілді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы даму орталығы Instagram-парақшасында мегаполисте салынып жатқан жаңа заманауи стадионның қандай болатынын көрсететін бейнеролик жариялады. Бейне, шамасы, жасанды интеллект көмегімен жасалған.
«Бүгін – құрылыс алаңы, ертең – 45 мың жанкүйерге арналған футбол стадионы. Арена УЕФА-ның төртінші санатының талаптарына сай салынады және халықаралық матчтар қабылдайды», – делінген бейненің сипаттамасында.
Еске салайық, 2025 жылдың тамызында Алматыда халықаралық деңгейдегі заманауи стадион салу жоспарланып отырғаны белгілі болған еді. Сондай-ақ ведомство Орталық стадионның тағдыры не болатынын айтқан болатын.
Сол жылдың желтоқсанында стадион 35 мың орынға есептелетіні хабарланған. Спорт нысанының макеті де жарияланған еді.
Алайда жақында Алматы әкімдігі УЕФА стандарттары бойынша салынып жатқан стадион 35 мың емес, бірден 45 мың орынға есептелетінін және оның келбеті де басқаша болатынын мәлімдеді.
