...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматыда жылу магистралін жөндеуге байланысты Рысқұлов – Райымбек аралығындағы жол жабылады

Алматының Алатау ауданында алдағы жылыту маусымына дайындық аясында 1988 жылы пайдалануға берілген шамамен 483 метр жылу магистралі ауыстырылады. Осыған байланысты жолдар жабылады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

2026 жылғы 8 шілдеден бастап жылу желілерін реконструкциялау кезеңінде Немирович-Данченко көшесінің батыс жағымен – Рысқұлов даңғылынан Райымбек даңғылына дейінгі аралықта көлік қозғалысы ішінара шектеледі.

Автокөлік қозғалысы Немирович-Данченко көшесінің шығыс жағымен екі бағытта ұйымдастырылады.

Шектеу көше жүріс бөлігінің астынан өтетін құбыр учаскесін реконструкциялау бойынша жоспарлы жұмыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін енгізіледі.

Сызбаны Алматы әкімдігі ұсынды.

«Алматы жылу желілері» ЖШС-нің хабарлауынша, бұл жұмыстардың орындалуы алдағы қыс кезеңінде 14 көппәтерлі тұрғын үй, екі жеке үй, екі мектеп және 10 басқа нысан тұрғындарын тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Реконструкция жүргізу кезеңінде тұтынушыларға ыстық су беру сақталады.

Еске салайық, Алматыда Қарасай батыр және Құлымбатов көшелерінде бір бағытты қозғалыс іске қосылды. 18 маусымнан бастап Алматыда Достық даңғылы, Зенков көшесі және Атамекен көшесі бір бағытты болды.

Дереккөз: Inform.kz