2026 жылдың басынан бері Алматыда 603 қосар бала мен алты үшем өмірге келді. Соның бірі — жақында №2 қалалық перинаталдық орталықта дүниеге келген үш ұл, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
27 жастағы әйел бірден үш ұлдың анасы атанды. Енді отбасында төрт ұл бар — үлкен баласы төрт жаста.
Жүктілік трихориальды триамниотикалық болған: әр нәресте жеке дамып, өз плацентасы мен қағанақ қуығы болды. Босану кесарь тілігі арқылы өтті.
Ұлдар 1740-тан 1978 граммға дейінгі салмақпен және 34-тен 37 сантиметрге дейінгі боймен дүниеге келді. Ата-анасы оларға Омар, Мирас және Муслим деген есім берді.
Туғаннан кейін нәрестелердің біреуі алғашқы күндері қарқынды тыныс алу қолдауын қажет етіп, екі күн өкпелерді жасанды желдету аппаратында болды. Қазір үшеуі де СИПАП-терапия алып жатыр, жағдайы динамикада бағалануда. Дәрігерлер жақсару байқап отыр.
Анасы ұлдары дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы минуттар өзі үшін ерекше толқынысты болғанын айтты.
— Нәрестелерімді алғаш көргенімде, олар сондай кішкентай әрі әлсіз көрінгендіктен, қатты толқып, жыладым. Бірақ орталық қызметкерлері мені қатты қолдап, тек медициналық жағынан ғана емес, психологиялық тұрғыдан да көмектесті. Дәрігерлер мен барлық персоналға қамқорлықтары, көңіл бөлгендері және қолдаулары үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді, — деді ол.
Нәрестелер №2 қалалық перинаталдық орталық мамандарының тұрақты бақылауында қалып отыр.
Бұған дейін Алматыдағы бір перинаталдық орталықта бір ай ішінде екі үшем дүниеге келгені хабарланған болатын.
