Алматының Әуезов ауданында түнде жерден бірдеңе іздеп жүрген екі ер адамды полиция ұстады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, Әуезов ауданында «Буран-319» патрульдік экипажы түнде жер қазып жүрген екі ер адамды байқаған.
«Олардың әрекеті күдікті көрінді. Экипаж тоқтап, тексеруге кірісті. Тексеру барысында ер адамдардан ұнтақ тәрізді заты бар бірнеше орама табылды. Оқиға орнына дереу тергеу-жедел тобы шақырылды», — деді полицияда.
Тергеушілер қажетті алғашқы тергеу әрекеттерін жүргізіп, табылған затты алып, сараптамаға жіберді.
«Ер адамдар ұсталды. Орамалардың ішінде не болғаны, олар кімге тиесілі екені және қандай мақсатта сақталғаны — одан әрі тергеу барысында анықталады», — деп қосты департаментте.
Түпкілікті құқықтық баға сараптама нәтижелері алынып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталғаннан кейін беріледі.
