Алматыда Bes.Media агенттігінің қызметкерлері он қабатты ғимараттың терезесінің сыртында тұрған екі жас жігітті құтқарып қалды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, агенттік қызметкерлері жұмысқа келген кезде ғимараттың он қабаттық терезесінің сыртында екі жас жігітті байқаған. Олар ғимараттың сыртқы жағында тұрған.
«Ахуал өте қауіпті еді. Кез келген абайсыз қимыл қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін еді. Журналистер Артем Шляхов, Александр Жданов және Дамир Байманов саспай әрекет етті. Алдымен олар жас жігіттерді үй-жайға қайтуға көндіруге тырысты. Бірақ әңгіме нәтиже бермеді. Сонда редакция қызметкерлері батыл қадамға барды: екеуін де ұстап алып, күшпен ішке тартты», — делінген хабарламада.
Оқиға орнына мамандар келген. Жас жігіттерге қажетті көмек көрсетіліп, тиісті медицина қызметкерлеріне тапсырылды.
«Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Алматы полициясы Артем Шляховқа, Александр Ждановқа және Дамир Баймановқа батылдығы, жүректілігі және бейжай қарамағаны үшін алғыс білдіреді. Сол сәтте олар жай өтіп кетпеді, олардың жанқиярлық әрекеті қайғылы жағдайдың алдын алды», — деп қосты полицияда.
