
Алматыда жүргізушілер шығарындылар деңгейі төмен аймаққа (LEZ) кірген кезде push-хабарлама ала бастайды. Жоба сынақ режимінде жұмыс істейді, айыппұлдар мен шектеулер жоқ, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалада жүргізушілерді хабардар етудің жаңа жүйесін сынақтан өткізу басталды. Push-хабарламалар «Алматы паркинг» қосымшасының пайдаланушыларына келеді. «Алматы паркинг» компаниясының мәліметінше, бұл жүйе 28 сәуірден бастап іске қосылған көлік ағындарын есепке алудың цифрлық инфрақұрылымын енгізу бойынша техникалық пилоттық жобаның бөлігі.
Хабарламалар LEZ аймағына кірген кезде жүйе тіркеген автокөлік иелеріне жіберіледі. Онда кіру күні, жобаның ресми сайтына сілтеме және қосымша ақпарат алуға болатын байланыс нөмірі көрсетіледі.
Пилоттық аймақ келесі көшелердің ішінде орналасқан: оңтүстігінде Бөгенбай батыр, солтүстігінде Абай даңғылы, шығысында Желтоқсан көшесі, батысында Достық даңғылы.
Компания ағымдағы кезеңде жүргізушілерге айыппұлдар, жүріс шектеулері немесе жол жүру ақысы қарастырылмағанын атап өтті. Жобаның негізгі міндеті – технологиялық платформаның жұмысын тексеру және қалалық инфрақұрылымның дайындығын бағалау.
Сонымен қатар, пилот аясында мамандар LEZ аймағына кіретін көліктерді есепке алу және көлік ағындарын талдауға арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді сынақтан өткізуде.
Техникалық пилоттық кезең 31 желтоқсанға дейін созылады. Осы уақытқа дейін көрсетілген аумақта қозғалыс әдеттегі режимде жүзеге асырылады.
Дереккөз: Nur.kz