
Алматы әкімдігі Медеу ауданындағы «Шығыс қақпа» полиорталығында көпфункционалды Almaty Promenade кешенін салуды жоспарлап отыр. Жоба 2026-2029 жылдар аралығында іске асырылады, аумағы шамамен 30 гектарды, ал құрылыс алаңы 317 мың шаршы метрден астам болады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Әкімдіктің мәліметінше, кешеннің негізгі элементі су инфрақұрылымы: каналдар, жағалаулар, серуен жолдары және демалыс аймақтары қала ортасына кіріктіріледі. Сондай-ақ Алматыда Almaty Water Garden кешенінің аумағында су каналы, океанариум және амфитеатр салынады. Бұл нысандар Бәуіржан Момышұлы мен Сайын көшелерінің аралығындағы Алатау ауданында орналасады.
«Кешеннің басты ерекшелігі — ұзын су каналы, серуен жағалаулары, демалыс аймақтары және көгалдандырылған қоғамдық кеңістіктер. Жобада саябақ, фудкорт, концерттер мен фестивальдерге арналған ашық амфитеатр, сондай-ақ сауда және қызмет көрсету нысандары қарастырылған», — деді әкімдікте.
Отбасылық демалыс үшін балалар орталығы, океанариум және көбелектер мұражайы салынады. Кешеннің сәулеттік үстемдігі — бақылау алаңы бар мұнара болады. Жобаны іске асыру 2026-2027 жылдарға жоспарланған.
Дереккөз: Nur.kz