Алматыда 21-23 шілде аралығында Алмалы және Жетісу аудандарында жылу желілеріне гидравликалық сынақ жүргізіледі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«Алматы жылу желілері» мәліметінше, алдағы үш күнде жөндеуден өткен коммуникацияларда Сейфуллин даңғылы — Рысқұлов даңғылы — Бродский көшесі — Райымбек даңғылы контурында сынақ жүргізіледі.
Магистральдық және тарату құбырларын тексеру кезінде таңғы сағат 04:00-ден 07:00-ге дейін қала тұрғындары мен қонақтарына сақтық шараларын сақтау ұсынылады.
Коммуналдық қызметкерлер қауіпсіздік шараларына қарамастан, күтпеген жағдайлардың орын алуы мүмкін екенін хабарлады: жер бетіне су шығуы, жол жамылғысының ішінара бұзылуы.
Мұндай жағдайларда ешқандай өз бетінше әрекет жасамау ұсынылады. Оқиға орнын дереу тастап, бұл туралы «Алматы жылу желілері» ЖШС-не мына телефондар арқылы хабарлау қажет: 351-27-62 (тікелей нөмір), call-орталық: 341-07-00 немесе 341-07-77 (ішкі 1011 немесе 1014), сондай-ақ 109 нөмірі бойынша.
Аталған аумақтардың контурларында тұратын барлық тұтынушыларға ыстық сумен жабдықтау толық сақталады.
Гидравликалық сынақтар жылу желілерінің, олардың жабдықтарының жай-күйін тексеру және қалалық жылу шаруашылығын алдағы жылыту маусымына дайындау аясында құбырлардың проблемалы учаскелерін анықтау үшін жүргізіледі.
«Алматы жылу желілері» қала тұрғындары мен қонақтарын уақытша қолайсыздықтарды түсіністікпен қабылдауын сұрайды.
Дереккөз: Inform.kz