Алматыда жеті жасар қыз антистресс ойыншық қолында жарылып, химиялық күйік алды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап. Оқиғаны баланың анасы Әсел Пак айтып берді. Оның сөзінше, сквиш ішіндегі гель тәрізді толтырғыш қыздың терісіне тиіп, үшінші дәрежелі химиялық күйік тудырған.
Ойыншықтан гель тәрізді сұйықтық ағып, теріге жабысып қалды. Гельмен бірге тері де кете бастады, — деді әйел.
Оқиғадан кейін баланы ауруханаға жеткізді. Анасы чек пен медициналық құжаттарды сақтап, өнімді мемлекеттік органдардың тексеруін талап етпек. Оның айтуынша, бұл танымал антистресс ойыншықтың репликасы болуы мүмкін. Бала қауіпсіздігі бойынша психолог әрі жаттықтырушы Алена Кабатабаева мұндай ойыншықтардың балалар арасында үлкен сұранысқа ие екенін, алайда ата-аналар таңдауға мұқият қарауы керектігін атап өтті. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті антистресс ойыншықтарға жеке қауіпсіздік талаптары жоқ екенін хабарлады. Оларға балалар өнімдеріне қолданылатын жалпы техникалық регламенттер таралады. Комитеттің бас сарапшысы Розалина Ермекпаеваның түсіндіруінше, Қазақстанға әкелінетін және сатылатын барлық ойыншықтар сәйкестік сертификатына ие болуы тиіс. Ата-аналар сатып алар алдында сатушыдан бұл құжатты талап етуге құқылы. Қазіргі уақытта оқиға бойынша тексеру жүргізілуде. Егер жарақаттың себебі ойыншықтың қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмеуі екені анықталса, өндіруші немесе сатушы жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Мамандар балалар тауарларын тек тексерілген сатушылардан сатып алуға, сертификаттардың болуына назар аударуға және кішкентай балаларды бір қарағанда қауіпсіз ойыншықтармен ойнаған кезде де қараусыз қалдырмауға кеңес береді.
Дереккөз: Inalmaty.kz