Алматыда жер сілкінісі туралы халықты ерте ескертудің автоматтандырылған жүйесін құру жалғасуда. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі күні жоспарланған 40 сейсмикалық станцияның 35-і салынып біткен. Барлық нысандардың орналасу координаттары жергілікті жердің геологиялық және сейсмикалық ерекшеліктерін ескере отырып анықталған. Сонымен қатар нысандарды орналастыру үшін жер учаскелерін ресімдеу жүргізілуде, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жаңа станциялар қолданыстағы сейсмикалық мониторинг желісінің бөлігіне айналады. Басқарма мәліметінше, бұл бақылау аясын кеңейтіп, күшті жер асты дүмпулері туралы ақпарат алуды жылдамдатуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, 2025 жылдан бастап Алматы қаласының айналасында Алматы облысында жер сілкінісін ерте анықтайтын 70 автоматтандырылған станция орнатылуда. Бүгінгі күні оның 65-і салынған, қалған бесеуін жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Одан кейін жаңа нысандар ерте ескерту жүйесінің 28 қолданыстағы станциясымен біріктіріледі.
Қалада халықты шұғыл хабардар етудің Mass Alert жүйесін енгізу жалғасуда. Сондай-ақ Алматыда агломерацияның сейсмогеодинамикалық жағдайын зерттеу бойынша үш жылдық жоба іске асырылуда. Оның аясында мамандар тектоникалық жарылымдардың цифрлық картасын, сейсмикалық модельді және геодинамикалық белсенділік картасын жасап, жер бетінің ығысуы мен деформациясын зерттейді.
Бұдан басқа, Алматының тұрғын үйлері мен әлеуметтік нысандарының сейсмикалық төзімділігін арттыру бойынша 2026–2035 жылдарға арналған жоспар бекітілген. Құжат 2023-2024 жылдары жүргізілген ғимараттарды паспорттау қорытындысы бойынша әзірленген.
Әкімдік бұған дейін әлеуметтік желілерде тараған күшті жер сілкінісі күтіледі деген хабарламалардың шындыққа жанаспайтынын еске салды. ҚР ТЖМ Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер ғылыми орталығының ақпараты бойынша, Алматыда күшті жер сілкінісінің дайындық белгілері тіркелмеген, ал қазіргі ғылым болашақ жер асты дүмпулерінің күнін, орнын және күшін алдын ала анықтауға мүмкіндік бермейді.
Мамандар тұрғындарға ықтимал төтенше жағдайларға алдын ала дайындалуды ұсынады: дабыл чемоданын жинау, үйдегі қауіпсіз орындарды анықтау және жақындарымен жер сілкінісі кезіндегі іс-қимыл жоспарын талқылау.
Дереккөз: Inalmaty.kz