
Алматыда белгіленбеген орындардағы стихиялық сауданы анықтау және жолын кесу мақсатында рейдтер жалғасуда. Іс-шаралар санитарлық тәртіпті қамтамасыз етуге және заң талаптарын сақтауға бағытталған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Полиция мәліметінше, бұл жұмыс қаланың барлық аудандарында тұрақты негізде жүргізілуде. Қызметкерлер әкімшілік учаскелерді аралап, заңсыз сауда фактілерін анықтап, шара қолданады. Құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылады. Сонымен қатар, азаматтарға мұндай әрекеттердің жол берілмейтіндігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Уәкілетті органдармен бірлесіп, заңсыз орнатылған стационарлық емес сауда нысандары, сондай-ақ әртүрлі автоматтандырылған құрылғылар – күш өлшегіштер, терминалдар, постаматтар және басқалары демонтаждалуда.
Алматы қалалық Полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ногайбаев атап өткендей, стихиялық сауда тек заң бұзу ғана емес, сонымен қатар қаланың санитарлық жағдайы мен азаматтардың қауіпсіздігіне төнетін қатер болып табылады.
Полиция бұл бағыттағы жұмыс жүйелі негізде жалғасатынын атап өтті.
Дереккөз: Inalmaty.kz