
Алматыда Құлжа трактысы бойындағы 1,86 гектар жер ҰҚК арнайы жасағының мұқтажына мәжбүрлеп алынады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қала әкімдігінің «Вечерний Алматы» газетінде жарияланған қаулысында: «Мемлекеттік қажеттілік үшін жер учаскесін алуға байланысты, ҚР ҰҚК «А» арнайы мақсаттағы қызметі» РММ-нің хаты негізінде, Алматы қаласының әкімдігі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруды бастау туралы шешім қабылдады», — делінген.
Учаске Медеу ауданында, Құлжа трактысы бойында орналасқан. Жалпы ауданы 2,6031 га болатын жердің 1,8600 га-сы ЖШС-тің бірінен алынады. Иеліктен шығару 2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін аяқталуы тиіс.
Меншік иесіне заңнамада белгіленген тәртіппен өтемақы төленеді. Учаске алынып болған соң ҰҚК балансына беріледі.
Дереккөз: Nur.kz