Алматы полициясы TikTok желісінде жарияланған видеодан кейін жеке колледж түлегін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бейнежазбада жас жігіт диплом тапсыру салтанатынан кейін дипломның сыртқы мұқабасына ұқсайтын затты жыртып тастаған. Бұл видео кеңінен таралып, қоғамда резонанс тудырды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Полиция тексерісі барысында түпнұсқа диплом, оған қосымша және колледж берген мұқаба зақымданбағаны анықталды. Түлек түсірілім үшін алдын ала дайындалған мұқабаның жалған көшірмесін пайдаланған. Алайда видео интернетте тез таралып, пайдаланушылар тарапынан түрлі пікірлер тудырып, полиция тексерісіне себеп болды.
Тексеру қорытындысы бойынша видеоның авторы ҚР ӘҚБтК-нің 456-2-бабының 3-1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, сот оны ұсақ бұзақылық жасады деп тауып (ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі) бес тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады.
Дереккөз: Inalmaty.kz