Алматыда Сатпаев көшесінде, Тәуелсіздік монументінің қарсысында «Алматы әкімдігі» деген жаңа аялдама пункті жұмыс істей бастады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның хабарлауынша, жаңа аялдама қаланың әкімшілік және қоғамдық-іскерлік орталығына көліктік қолжетімділікті арттыруға, сондай-ақ мегаполистің тұрғындары мен қонақтары үшін қоғамдық көлікпен жүруді ыңғайлы етуге мүмкіндік береді.
Аялдама пункті заманауи павильонмен, жолаушыларды күту орындарымен және ақпараттық конструкциялармен жабдықталған. Оны жайластыру кезінде қауіпсіздікке, жайлылыққа және жолаушылардың отырып-түсу ыңғайлылығына ерекше назар аударылды.
Екі бағытта да аялдама арқылы № 21, 45, 95 және 121 автобус бағыттары өтеді. Күн сайын осы желілерде 75 автобус жұмыс істеп, қаланың орталық бөлігімен тұрақты көлік байланысын қамтамасыз етеді.
Ведомствоның дерегінше, жаңа аялдама пунктінің іске қосылуы көлік қызметінің сапасын арттыруға, әкімшілік және қоғамдық нысандарға қолжетімділікті жақсартуға, сондай-ақ қоғамдық көлік жолаушылары үшін неғұрлым жайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Дереккөз: Inalmaty.kz