Алматыда суицидтік мінез-құлықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылады. Жаңа құрылым мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жұмысын үйлестіріп, профилактикалық шаралардың тиімділігін арттырады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында тиісті жобаны Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов таныстырды. Құжат Қазақстан Республикасындағы халық арасында суицидтік мінез-құлықтың алдын алу жөніндегі 2026–2028 жылдарға арналған жол картасын және Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмаларын орындау үшін әзірленген.
Қалада психикалық денсаулық орталығының суицидологиялық қызметі жұмыс істейді, білім беру ұйымдарымен, ішкі істер органдарымен, әлеуметтік қорғау және басқа да мүдделі құрылымдармен өзара іс-қимыл ұйымдастырылған. Алайда бұл жұмыстың тиімділігін арттыру үшін бірыңғай үйлестіру механизмі қажет, — деді Марат Пашимов.
Ол осы мақсатта ведомствоаралық комиссия құрылатынын, ол мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіріп, суицидтік мінез-құлықтың алдын алу жөніндегі жол картасының орындалуын үйлестіруді қамтамасыз ететінін түсіндірді. Сонымен қатар комиссия әрбір жағдайдың себептерін талдаумен, жүйелі шешімдер әзірлеумен және профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттырумен айналысады.
Жаңа құрылымды құру жергілікті бюджеттен қосымша шығындарды талап етпейді. Оның қызметі құрамына кіретін мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қолданыстағы өкілеттіктері шеңберінде жүзеге асырылады.
Жаңа комиссия ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтіп, Алматыда суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бойынша іс-шаралардың нәтижелілігін арттырады деп күтілуде.
Дереккөз: Inform.kz
