
Алматыда сот шешімімен Достық даңғылы, 42/74 мекенжайындағы тұрғын үйге заңсыз салынған қосымша құрылыс бұзылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, бір қабатты кіреберіс тобы мен жазғы алаң рұқсат құжаттарынсыз салынып, онда қоғамдық тамақтану нысаны жұмыс істеген. Меншік иесі — «TAYMAS LTD» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру барысында әкімшілік шаралар қолданылып, өз еркімен бұзу туралы нұсқама берілген. Алайда талап орындалмаған.
Осыдан кейін әкімдік мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа нұсқаманы мәжбүрлеп орындату туралы талап қойған. Іс ұзақ қаралды. 2026 жылғы 11 ақпанда Алматы қалалық соты талапты қанағаттандырды. Бүгін әділет департаментінің сот орындаушыларының қатысуымен нысанды бұзу басталды.
Дереккөз: Inalmaty.kz