
Алматыда Райымбек даңғылындағы BRT жобасына түзету енгізіліп, бір учаске бөлшектелуі мүмкін, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық Жол жүрісін ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының өкілі Ержан Диқанбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта әкімшілік полиция басқармасымен бірлесіп Райымбек даңғылындағы жол жүрісін ұйымдастыруды түзету мәселесі қаралып жатыр.
«Біз әріптестерімізбен бірге бөлінген жолақтардың ұйымдастырылуын, қоғамдық көліктің қалай қозғалатынын қайта қарастырып жатырмыз. Өйткені менің нақты сұрақтарым болды. Қоғамдық көлік жұмысына жауапты адам ретінде мен қоғамдық көліктің тиімді қозғалғанын қалаймын», — деді спикер РСК-дағы баспасөз мәслихатында.
Жол жүрісін ұйымдастыру саласындағы сарапшы Елжан Шүпеков Райымбек даңғылындағы BRT учаскесі бөлшектелетінін, ал жобаның іске асыру мерзімі ұзаруы мүмкін екенін хабарлады.
«BRT жобасын іске асыру туралы шешім қабылданды, бірақ сонымен бірге LRT құрылысын іске асыру міндеті қойылды. Дәл осы учаске бойынша қоғамдық көлік қозғалысының қайталануын болдырмау үшін қазір жоба қайта қаралып, қоғамдық көліктің бірінші жолақта, яғни оң жақ шеткі жолақта қозғалысы зерттелуде. Қазіргі уақытта іске асыру қысқа мерзімге тоқтатылды, бірақ қозғалыс ашылады және Райымбек бойынша Емцов пен Өтеген батыр арасындағы салынған учаске, ең алдымен, бөлшектеледі», — деді спикер.
Ол қозғалыс дұрыс ұйымдастырылып, тұрғындар мен автокөлік жүргізушілерінің жайлылығы бұзылмайтынын атап өтті.
Дереккөз: Nur.kz