
Құрбан айт күндері Алматыда санитарлық-гигиеналық және ветеринариялық-санитарлық талаптарды қатаң сақтау, сондай-ақ құрбандық шалу рәсімін тек арнайы бөлінген орындарда өткізу қажет, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гауһар Қаткенова РСК брифингінде 27, 28 және 29 мамырда мамандар арнайы алаңдарда тұрақты кезекшілік ететінін айтты. Бақылау санитарлық талаптардың сақталуына, аумақтардың тазалығына, қалдықтардың уақтылы шығарылуына және халықтың қауіпсіздігіне жүргізіледі.
Спикердің айтуынша, тұрғын үйлердің аулаларында, көшелерде және басқа да рұқсат етілмеген жерлерде мал сою қоршаған ортаның ластануына және жұқпалы аурулардың таралуына әкеп соғуы мүмкін.
— Құрбандыққа арналған малдар тек ветеринариялық тұрғыдан қауіпсіз шаруашылықтардан жеткізілуі және қажетті құжаттармен қамтамасыз етілуі тиіс, — деді Гауһар Қаткенова.
Мал сою орындарына қойылатын негізгі санитарлық талаптардың қатарында қалдықтарға арналған контейнерлердің, ет сақтауға арналған тоңазытқыштардың, сумен жабдықтаудың, дезинфекция және санитарлық өңдеу жағдайларының, сондай-ақ мал терісін сақтайтын арнайы орындардың болуы бар.
Сонымен қатар, ет ұстаушылар арнайы киіммен және жеке қорғаныс құралдарымен: қолғаптармен, маскалармен, алжапқыштармен және резеңке етіктермен қамтамасыз етілуі керек.
ДСЭК ветеринариялық-санитарлық талаптардың сақталмауы қауіпті жұқпалы және паразиттік аурулардың таралуына әкелуі мүмкін екенін ескертті. Бұл бруцеллез, күйдіргі, эхинококкоз, пастереллез және ауру малдармен жанасу кезінде адамға жұғатын басқа да зоонозды инфекциялар.
Бұған дейін Алматыда Құрбан айт күндері мал сату мен құрбандық шалуға арналған 12 арнайы алаң анықталғаны хабарланған болатын.
Сондай-ақ қазақстандықтарға мереке күндері мал сою және ет сақтау ережелері еске салынды.
Дереккөз: Inform.kz