Алматыда тұрғындар мен қала инфрақұрылымына қауіп төндірген тоғыз аса қауіпті опырылмалы учаскені нығайту жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Әкімдіктің мәліметінше, Медеу ауданында биік таулы «Медеу» мұз айдынының жанындағы беткей, «Шымбұлақ» тау шаңғы курортына апаратын автожол учаскесі, «Кенсай-2» зиратына баратын жол және «Медеу» биік таулы спорт кешенінің аумағындағы «Сарысай» бөгетіне апаратын эвакуациялық жол нығайтылды. Жетісу ауданында Хожамьяров көшесі, Палладин көшесі бойында және «Кемел» зираты аумағында үш учаскеде жұмыс жүргізілді. Наурызбай ауданында «Медеу» тұрғын үй кешеніндегі Усиков көшесі мен «Ақжартау» бағбандық серіктестігінің кіреберісінде тағы екі учаске нығайтылды.
Нығайту жұмыстары 2025 жылдың қазанында табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жою шаралары аясында басталды. Қазір инженерлік жұмыстар толығымен аяқталып, іргелес аумақтарды абаттандыру жалғасуда. Әкімдіктің дерегінше, жүргізілген шаралар опырылма қаупін едәуір төмендетуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар мамандар қауіпті беткейлерді тексеруді жалғастыруда. Биыл жұмыс тобы опырылма процестерінің даму қаупі жоғары тағы жеті учаскені анықтады. Олар үшін жобалық шешімдер әзірленіп, одан кейін нығайту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Бұдан бөлек, Алматыда сел, опырылма және көшкін қауіпті учаскелерде ақпараттық-ескерту қалқандарын орнату жалғасуда. Тұрғындар мен туристерге SMS-хабарламалар арқылы қолайсыз ауа райы жағдайлары туралы хабарланып, қауіп жоғары кезеңдерде Шымбұлақ пен Үлкен Алматы көлі маңындағы жекелеген тау маршруттарына баруға уақытша шектеулер енгізіледі.
Дереккөз: Inalmaty.kz