Алматыда жер ресурстарын ұтымды пайдалану және пайдаланылмай жатқан жерлерді экономикалық айналымға тарту жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша Түрксіб ауданында орналасқан жалпы ауданы 14,6777 гектар 8 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұрын бұл жер телімдері «Алматы ЗТО» ЖШС-нің меншігінде болып, тауарлық ауыл шаруашылығын жүргізуге арналған еді.
Уәкілетті орган жүргізген тексеру шаралары барысында жер телімдерінің ұзақ уақыт бойы мақсатына сай пайдаланылмағаны анықталды. Меншік иесіне анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, жерді пайдалануды жер заңнамасының талаптарына сәйкестендіру үшін мерзім ұсынылды.
Кейінгі бақылау тексеруінің нәтижелері бойынша қажетті шаралардың тек ішінара орындалғаны анықталды. Аумақты тазарту және бір телімді өңдеу бойынша жекелеген жұмыстар жүргізілгеніне қарамастан, нақты ауыл шаруашылығы өндірісі ұйымдастырылмаған.
Жер заңнамасының талаптарын орындамауға байланысты Алматы қаласы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті жер телімдерін мәжбүрлеп алу туралы талап-арызбен істі сотқа берді. Істі қарау қорытындысы бойынша сот инстанциялары жалпы ауданы 14,6777 гектар 8 телімнің барлығын мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім қабылдады.
Соттың атап өтуінше, ауыл шаруашылығы дақылдарын егусіз жекелеген агротехникалық жұмыстарды орындау тауарлық ауыл шаруашылығын жүргізуге арналған жерлерді тиісінше пайдалану деп саналмайды.
Пайдаланылмаған жерлерді қайтару қала аумақтарын тиімдірек пайдалануды қамтамасыз етіп, қала инфрақұрылымын дамытуға және алматылықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобаларды іске асыру үшін қосымша мүмкіндіктер туғызады.
Дереккөз: Almaty.tv