Алматыда жол ережесін бұзған автохулигандарды бейнежазбалар арқылы анықтап, қамауға алу басталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Полиция жол қозғалысы ережелерін әдейі бұзып, қауіпті маневрлердің бейнежазбаларын әлеуметтік желілерде жариялайтын жүргізушілерге қарсы күресті күшейтті. Әсіресе агрессивті жүргізу, жылдамдықты асыру, дрифт және «шашки» деп аталатын маневрлерге назар аударылады. Ведомствоның айтуынша, интернетте жарияланған бейнероликтер құқық бұзушыларды жедел анықтауға көмектеседі.
Алматы қалалық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаевтың сөзіне қарағанда, соңғы бірнеше күнде әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында бес автохулиган анықталған. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сот шешімдерімен құқық бұзушыларға айыппұл ғана емес, әкімшілік қамау да тағайындалды. Полиция көрілім мен лайк үшін жол ережесін әдейі бұзу жазасыз қалмайтынын және мұндай жағдайларды бақылау жалғасатынын ескертті.
Дереккөз: Inalmaty.kz