...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматыда пәтерде тіркелуді шектегісі келеді: бір адамға 15 шаршы метр

Алматы әкімдігі «Ашық НҚА» порталында қала мәслихатының тұрғылықты жері бойынша тіркелудің жаңа нормативін бекіту туралы шешім жобасын талқылауға ұсынды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Порталда әзірлеушісі Алматы әкімдігі болып табылатын жаңа жоба жарияланды. Жоба «Алматы қаласының аумағында тұрғылықты жері және уақытша болатын жері (тұратын жері) бойынша тіркелу нормативін бекіту туралы» деп аталады. Қала тұрғындары 26 тамызға дейін талқылауға қатыса алады.

Жоба халықты есепке алу жүйесін жетілдіруге, көші-қон процестерін тиісті бақылауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді жоспарлау мен ұсыну тиімділігін арттыруға бағытталған.

«Жобаның мақсаты – тіркелу процестерін ретке келтіру, инфрақұрылымдық және әлеуметтік жүктемені жоспарлауды жақсарту, сондай-ақ тұрақты тұратын және уақытша келетін азаматтар үшін мемлекеттік қызметтерді ұсыну тиімділігін арттыру», – деп хабарлады әкімдікте.

Сонымен қатар, Krisha.kz атап өткендей, осы жобамен Алматыда пәтерде немесе үйде тіркелуге болатын адамдар санын шектегісі келеді.

«Нормативті тұрақты және уақытша тіркелу үшін белгілегісі келеді. Бір тіркелген адамға кемінде 15 шаршы метр аудан келуі тиіс. Мысалы, ауданы 60 шаршы метр пәтерде тек төрт адамды тіркеуге болады, меншік иесінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарын қоспағанда – оларға бұл шектеу қолданылмайды. Мұндай қағидат Астанада қазірдің өзінде жұмыс істейді», – делінген жарияланымда.