Алматы полицейлері кәдімгі пәтерде жерасты есірткі плантациясын жойды. Оны ұйымдастыруға күдікті ретінде 53 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматының Әуезов ауданындағы пәтерлердің бірінде есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімшесінің қызметкерлері есірткі заты бар өсімдіктерді өсіруге арналған жабдықталған плантацияны анықтады. Тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіруге күдікті ретінде 53 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды.
«Тінту кезінде пәтерде полицейлер есірткі құрамды өсімдіктерді өсіруге арналған тұтас жүйені анықтады: кәсіби жабдықтары бар төрт гроубокс, кептірілген өсімдік заты, сондай-ақ күдікті қарасораның он алты бұтасы», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, пәтерден орауға дайындалған өсімдік тектес заты бар шамамен 300 зип-пакет, электронды таразы, вакуумдық орауыштар, тыңайтқыштар және ақша қаражаты алынды. Барлық табылған өсімдіктер мен заттар сот сараптамасына жіберілді. Сарапшылар олардың түрін, салмағын және есірткі құрамын анықтауы тиіс. Факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Есірткі құрамды өсімдіктерді заңсыз өсіру оларды өсіру тәсіліне және табылған өнім көлеміне қарамастан қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады», — деп ескертті полицияда.
Дереккөз: Nur.kz