
Алматының Жетісу ауданында Ұлы Отан соғысының ардагері Илья Кудиннің пәтері өрттен кейін толық қалпына келтірілді. Наурыз айында болған өрт салдарынан баспана тұруға жарамсыз деп танылған еді. Аудан әкімдігі мен демеушілердің қолдауымен жөндеу жұмыстары басталып, мамандар алдымен пәтерді толық тазартып, содан кейін қабырғаларды, еден мен төбені жаңартуға кірісті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жөндеу барысында барлық терезелер ауыстырылып, сантехника толық жаңартылды, ескі жиһаз бен заттар шығарылды. Инженерлік коммуникациялар да қалпына келтірілді. Қазір пәтер қайтадан тұруға жарамды.
«Күрделі жөндеу жүргізілді. Барлық терезелер ауыстырылды. Сантехника толық жаңартылды, ескі мүліктер пәтерден шығарылды. Бұл мәселе қала әкімінің жеке бақылауында болды. Жұмыстарды Жеңіс күніне дейін аяқтауға тырыстық», — деді Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Жасұлан Сабырұлы.
Жөндеу жұмыстары Жеңіс күні қарсаңында аяқталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл ардагерге көрсетілген құрметтің белгісі. Илья Кудин — соғыстың ауыр жылдарын көрген санаулы ұзақ жасаушылардың бірі. Биыл ол 99 жасқа толады.
Дереккөз: Almaty.tv