
Алматының Алмалы ауданында мектеп оқушыларына арналған профилактикалық кездесу өтті. Оған прокуратура, полиция өкілдері және Париждегі 2024 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, грек-рим күресінен Демеу Жадраев қатысты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Шара №216 орта мектепте «Заң және Тәртіп» идеологемасын іске асыру аясында өтті. Мақсаты – жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және жастар үшін қауіпсіз орта құру.
Кездесуге Алмалы ауданының прокуроры Әділет Сыздықов, аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Арман Китокпаев, аға прокурор Әсел Әбдікәрімова, сондай-ақ әлем және Азия чемпионы Демеу Жадраев қатысты.
Ашық диалог барысында оқушыларға буллинг, интернет-алаяқтық, есірткі қылмыстарына және заңсыз әрекеттерге тартылу қаупі туралы қолжетімді тілде түсіндірілді. Жасөспірімдердің әлеуметтік желілердегі қауіпсіздігіне және заң бұзғаны үшін жауапкершілікке ерекше назар аударылды.
«Бала тәрбиесі – күрделі және көп сатылы процесс. Біз тек осындай кездесулермен шектелмейміз. Жасөспірімдер бүгінде интернет пен әлеуметтік желілер арқылы көп ақпарат алады, сондықтан дұрыс бағдар қалыптастыру және цифрлық платформаларды заң мен тәртіпті құрметтейтін саналы тұлға тәрбиелеу құралы ретінде пайдалану маңызды», — деді Алмалы ауданының прокуроры Әділет Сыздықов.
Оқушылардың ерекше қызығушылығын Демеу Жадраевтың сөзі тудырды. Спортшы балаларды энергияны спортқа бағыттауға, тәртіпті дамытуға және үлкен мақсаттар қоюға шақырды.
«Құрметті балалар, бос уақыттарыңызды пайдалы өткізіңіз, рухани және физикалық дамыңыз. Спорт мінез, тәртіп және күш тәрбиелейді. Мемлекет жастардың әлеуетін жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасап отыр, мен көпшілігіңіз үлкен жетістіктерге жетіп, Қазақстанды дәріптейтініңізге сенімдімін», — деді Демеу Жадраев.
Кездесу соңында оқушылар анонимді сауалнамаға қатысып, қонақтармен естелік суретке түсті.
Дереккөз: Almaty.tv