Әлеуметтік желілерде Алматының бір көшесінде жеңіл көліктің ашық жалынмен өртеніп жатқан бейнежазбасы тарады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Полицияның хабарлауынша, арнайы жедел әрекет ету отрядының (СОБР) қызметкерлері қызмет орнына бара жатқан жолда өртеніп жатқан көлікті байқаған. Олар дереу тоқтап, қауіпті аймақтағы қозғалысты жауып, айналадағылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өртті сөндіруге кіріскен.
Алайда штаттық өрт сөндіргіш жеткіліксіз болып, өрт тез тарай бастаған. Сонда полицейлер жанынан өтіп бара жатқан су себетін машинаны тоқтатып, өртті жою үшін су қорын пайдаланған.
Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Сонымен қатар өрттің таралуының алдын алып, ауыр зардаптарды болдырмауға мүмкіндік туды.
Екі ай бұрын осыған ұқсас оқиға Маңғыстау облысында болған. Ондаған адам қаланың қарбалас көшесінде көліктің өртеніп жатқанына куә болған.
Дереккөз: Zakon.kz