Алматыда медициналық қарсы көрсетілімдері бар мыңнан астам жүргізуші анықталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі қала прокуратурасына сілтеме жасап.
Прокуратураның бастамасымен Алматыда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қабылдануда.
Түрксіб ауданы прокуратурасының қадағалау жұмысы барысында абсолютті медициналық қарсы көрсетілімдеріне қарамастан көлік құралдарын басқарған 1194 жүргізуші анықталды.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша Алматы қаласы полиция департаменті аталған адамдардың жүргізуші куәліктерінің қолданылуын тоқтату бойынша жұмыс жүргізуде.
Бүгінгі таңда Алматы қаласының соттары 381 талап арызды қанағаттандырды, қалған материалдар бойынша жұмыс жалғасуда.
Бұл жұмыс денсаулық жағдайы жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін адамдарды жол қозғалысынан шығару мақсатында жүргізілуде.
Еске салайық, 2026 жылғы 25 тамыздан бастап Қазақстан Республикасының «Жол қозғалысы туралы» Заңына енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Енді 65 жастан асқан жүргізушілер екі жыл сайын медициналық тексеруден өтетін болады.
