Алматыда мемлекеттік қажеттілік үшін тағы 26 жер телімі мен өзге де жылжымайтын мүлік мәжбүрлеп иеліктен шығарылады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бірінші қаулы бойынша Наурызбай ауданында Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейінгі аралықта орналасқан төрт жер телімін немесе өзге жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару басталады. «Достық» шағын ауданындағы телімдер Жұбанов көшесін салу үшін жеке тұлғалардан алынады. Мәжбүрлеп иеліктен шығару мерзімі – 2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін.
Екінші қаулымен Түрксіб ауданының «Қайрат» шағын ауданында орналасқан сегіз жер телімі немесе өзге жылжымайтын мүлік мәжбүрлеп иеліктен шығарылады. Бұл телімдер «Шығыс қақпа» полиорталығына Бұқтырма көшесіне дейінгі кіреберісті ұйымдастыруға арналған.
Үшінші қаулы бойынша Алатау ауданында, «Көк-Өзек» тұтыну кооперативінде орналасқан, жалпы ауданы 2,0000 га телімнің 0,0018 га бөлігі Кереев Ақылжан Қайсағалиұлынан трансформаторлық қосалқы станциялар салу үшін мемлекеттік қажеттілікке алынады.
Тағы бір құжат Түрксіб ауданының «Қайрат» шағын ауданында орналасқан 13 жер телімін сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруды көздейді. Телімдер Д.А. Қонаев атындағы тұтыну кооперативінде орналасқан. Мәжбүрлеп иеліктен шығару мерзімі – 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейін.
«Қала жер орталығы» кәсіпорны мен Жер қатынастары басқармасына меншік иелерін заңнамада белгіленген тәртіппен хабардар ету, сондай-ақ оларға заңнамада көзделген тәртіппен өтемақы төлеуді қамтамасыз ету тапсырылды.
Бұған дейін Көк-Жайлауға баратын жолды салу үшін алматылықтардан бірнеше телім алынатыны хабарланған болатын.
