Алматыда өрт сөндірушілер литий-ионды батареялары бар қоймадағы өрттің таралуына жол бермеді, сондай-ақ жүздеген электросамокат аман қалды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі ТЖМ-ге сілтеме жасап.
ТЖМ мәліметінше, бүгін Алмалы ауданы, Васнецов көшесіндегі қойма үй-жайында өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Көп ұзамай литий-ионды батареялар блогының тұтанғаны анықталды.
«Өрттің көрші үй-жайға ауысу қаупі төнді, онда жаңа литий-ионды батареялар мен электросамокаттар сақталған. Өрт сөндірушілер дереу өрт ошағын сөндіруге және аккумуляторлық батареяларды қарқынды салқындатуға кірісті. Бұл әрекеттер өрттің одан әрі таралуын болдырмауға мүмкіндік берді», — деп хабарлады ТЖМ.
Нәтижесінде өрт жарты сағаттан аз уақыт ішінде толығымен жойылды, зардап шеккендер жоқ. 100-ден астам литий-ионды батарея және 300-ге жуық жаңа электросамокат сақталып қалды. Сондай-ақ аккумуляторлар тұтанған кезде пайда болуы мүмкін тізбекті реакцияның алды алынды.
«Литий-ионды батареялар тұтанған кезде бірінен соң бірі жанатын қабілетке ие және улы жану өнімдерін бөледі. Оларды сөндіру ерекше тәсілді және ұзақ салқындатуды қажет етеді, өйткені қайта тұтану қаупі сақталады», — деп атап өтті құтқарушылар.
Дереккөз: Nur.kz