Алматы қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті прокуратураның үйлестіруімен Alemcredit.com интернет-ресурсы арқылы азаматтарға криптовалютадағы микрокредит беру желеуімен жасалған алаяқтық фактісін тергеп жатыр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Тергеу деректері бойынша, әлеуетті қарыз алушыларды әлеуметтік желілерде тиімді шарттармен несие туралы жарнамалар орналастыру арқылы белсенді түрде тартқан. Рәсімдеу үшін сәйкестендіруден өтіп, жеке деректерді ұсыну және электронды құжаттарға қол қою қажет болған.
Алайда, тергеудің айтуынша, рәсімдер аяқталғаннан кейін мәміленің нақты шарттары көрсетілгеннен айтарлықтай ерекшеленген. Қарыз алушыларға бастапқыда көрсетілгеннен едәуір аз сома аударылған, ал қаражаттың бір бөлігі алдын ала хабарланбаған комиссиялар мен өзге де төлемдер ретінде ұсталып қалған.
Несиенің толық құны, артық төлем мөлшері, сыйақы және айыппұлдар туралы ақпарат та мәміле жасалғанға дейін толық көлемде ашылмаған.
Ақша қаражатын қайтару үшінші тұлғалардың — дропперлердің банк карталары арқылы жүзеге асырылған.
Интернет-ресурстың жұмысы мен қарыз алушылармен өзара іс-қимыл үшін заңды тұлғаларды, телекоммуникациялық ресурстарды және техникалық құралдарды қамтитын тармақталған инфрақұрылым пайдаланылған.
Алматыда жүргізілген тінтулер кезінде жаппай SMS-тарату үшін қолданылған SIM-бокстар мен SIM-карталардың едәуір саны тәркіленді.
Тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
Бұған дейін ҚМА Қазақстанның 16 өңірінде дропперлер желісінің қызметін тоқтатқан болатын. Тергеу деректері бойынша, бақылаудағы тұлғалардың банктік шоттары арқылы ұрланған қаражат USDT сатып алу үшін криптовалюталық платформаға аударылған.
Сондай-ақ, ҚМА бұған дейін 19 млрд теңгеге заңсыз микрокредиттерге қатысты «Актив Ломбард» желісінің ісі бойынша тергеуді аяқтаған.
