
Алматы әкімдігі кафе мен мейрамханалардағы жазғы алаңдарды орналастыру ережелерін жеңілдетуді жоспарлап отыр. Қазіргі талаптар мұндай нысандардың уақытша сипатын ескермейді, соның салдарынан кәсіпкерлер келісу кезінде қиындықтарға тап болады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды кеңес барысында қоғамдық тамақтандыру нысандарындағы жазғы алаңдардың қызметін реттеу мәселесін қарауды тапсырған. Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының дерегінше, тамақтандыру орындарының шамамен 30%-ы мұндай алаңдарды пайдаланады.
Қолданыстағы реттеу тетіктері олардың уақытша және күрделі емес сипатын толық ескермейді, бұл келісу рәсімдерін қиындатып, рұқсатсыз орналастыру жағдайларына әкеп соғады.
Осыған байланысты басқарма кәсіпкерлер үшін жазғы алаңдарды ресімдеу тәртібін жеңілдетуге бағытталған қолданыстағы ережелерге өзгерістер енгізуді бастады.
Бұған дейін Алматы орталығында рұқсат құжаттарының болмауына байланысты жазғы кафе бұзылған еді.
Жанара Мұхамедиярова
Дереккөз: Inform.kz