...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда Кисло-Сладкий рэпері клубтағы жанжалдан кейін ұсталды

Алматыда Кисло-Сладкий бүркеншік атымен танымал рэпер ұсталып, сот шешімімен 20 АЕК (86 500 теңге) айыппұл төлеуге міндеттелді. Ол түнгі клубтардың бірінде былапыт сөйлеп, қоғамдық тәртіпті бұзған видеосын әлеуметтік желіге жариялаған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

kris_p_almaty Instagram парақшасы Алматыдағы түнгі клубтардың бірінде түсірілген видеоны жариялады. Онда әнші Кисло-Сладкий мекемеде былапыт сөздер айтып, жанжал шығарған. Редакцияға түскен видеода әртіс қоғамдық орында әдепсіз сөйлеген. Бұл әрекет ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық ретінде сараланады.

19 мамырда Алматы полиция департаменті ресми Instagram парақшасында әртіс ұсталған сәтті көрсететін видео жариялады. Видео астындағы жазбада «Әдепсіз сөздер тұтқындалуға әкелді» делінген.

Медеу ауданы полиция басқармасының қызметкерлері анықтағандай, өзін әнші ретінде таныстырған азамат клубта әдейі арандатып, әдепсіз сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Ол болған оқиғаны видеоға түсіріп, кейін әлеуметтік желіде таратқан.

Осы факті бойынша құқық бұзушы ұсақ бұзақылық үшін жауапкершілікке тартылды. Алматы қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен оған 20 АЕК (86 500 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

«Мұндай әрекеттерге жол берілмейді және бұл қоғамға деген құрметсіздіктің тікелей көрінісі. Мәртебесі мен танымалдылығына қарамастан, әркім заң нормаларын және қоғамдық орындардағы мінез-құлық ережелерін сақтауға міндетті. Эпатаж, арандату және әдейі құқық бұзу арқылы назар аудару әрекеттері қатаң құқықтық баға алады. Жазаның бұлтартпастығы принципі өзгеріссіз қалады: кез келген заңсыз мінез-құлық жауапкершілікке әкеледі», – деді полицияда.

Дереккөз: Nur.kz