Алматыда Төле би көшесінде KIA көлігі құрылыс үстіндегі көпірдің тіреуіне соғылып, аударылып қалды. Жол апатынан жүргізуші ауыр жарақат алып, қалалық ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Әуезов ауданындағы Төле би көшесінде болған. Жүргізуші батыс бағытта келе жатып, Ясауи көшесінің қиылысынан өткен соң жол жөндеу жұмыстары жүріп жатқан учаскеде басқаруды жоғалтқан.
«Алдын ала мәлімет бойынша, KIA көлігінің жүргізушісі салынып жатқан көпірдің тіреуіне соғылып, содан кейін көлік аударылған», — делінген хабарламада.
Полиция апаттың ықтимал себебі ретінде қауіпсіз жылдамдықты сақтамауды қарастырып отыр. Тергеу барысында оқиғаның толық мән-жайы анықталады. Полиция жүргізушілерді жол жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жерлерде барынша мұқият болуға, жылдамдық режимін қатаң сақтауға және жол жағдайын ескеруге шақырды.
Дереккөз: Nur.kz